НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Кукушкин Мәскеуде «Кремль кубогы» ATP турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 58-ракеткасы М.Кукушкин алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 113-орында тұрған ресейлік Евгений Донскоймен күш сынасты.
Бірінші партияны қазақстандық теннисші 6:4 есебімен ұтты.
Екінші сетте есеп 3:2 болған мезетте М.Кукушкин брейк жасап, алға шықты – 4:2. Ақыры осы басымдылығын пайдалана білді – 6:3.
Бәсеке 1 сағат 16 минутқа созылды.
М.Кукушкин ширек финалға шығу үшін осы доданың жетінші, әлемнің 44-ракеткасы, «Кремль кубогының» өткен жылғы финалисі, франциялық Адриан Маннариномен таласады.
Жүлде қоры 1 млн АҚШ долларына жуықтайтын «Кремль кубогы» додасы 20 қазан күні мәреге жетеді.
Бүгін сондай-ақ Александр Бублик Мәскеуде тағы бір ресейлік Андрей Рублевпен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бублик пен М.Кукушкиннің жұптық сында «Кремль кубогының» ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).