НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин Мәскеуде «Кремль кубогының» ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Рейтингте 58-орында тұрған М.Кукушкин екінші айналымда осы жарыстың жетінші, әлемнің 44-ракеткасы, франциялық Адриан Маннариномен күш сынасты.
Бірінші партияда брейк жасаған франциялық спортшы алға шықты - 2:0. Дегенмен М.Кукушкин таразы басын теңестіре білді. Тіпті есепті 6:5-ке жеткізіп, сетке доп та берді. Алайда сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Тай-брейкте қарсыласы сәтті ойнады - 7:6 (7:4).
Екінші сетте Маннариноның басымдылығы байқалды - 6:2.
Бәсеке екі сағатқа жуық уақытқа созылды.
Франциялық теннисші ширек финалда сербиялық Душан Лайович немесе чехиялық Лукаш Росолдың біреуімен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Люксембург турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).