АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 91-інші ракеткасы Михаил Кукушкин Лион турнирінің ширек финалында франциялық Жиль Симонмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингте 75-інші орында тұрған Ж.Симонды бірінші партияда 6:4 есебімен ұтты. Бірақ келесі сетте дәл сондай есеппен есе жіберді.
Шешуші, үшінші партияда Ж.Симон тай-брейкте 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті. Тартысты кездесу 2 сағат 39 минутқа созылды.
Ж.Симон финалға шығу үшін әлемнің 10-ыншы ракеткасы, америкалық Джон Иснерді жеңген британдық Кэмерон Норримен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Страсбург турнирінің жартылай финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).