НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Михаил Кукушкин Марракеш (Марокко) турниріне қатыспайтын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жүлде қоры 524 340 еуроға бағаланған аталмыш турнир 8-14 сәуір аралығында өтеді. Жарыстан М.Кукушкиннен басқа испаниялық Пабло Карреньо-Буста, канадалық Феликс Оже-Альяссим және поляк Хуберт Хуркачтың тыс қалғаны белгілі болды. Оның алдында Майамиде арқасынан алған жарақатқа байланысты босниялық Давид Джумхур турнирге қатысудан бас тартқан болатын.
Өткен жылы бұл айтулы додада испаниялық Пабло Андухардың бағы жанып, чемпион атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Монтеррей челленджер турнирін сәтті бастап, ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз. Ол жартылай финалға шығу үшін әлемнің 91-ракеткасы, испаниялық Фелисиано Лопеспен таласады.
Тағы бір қазақстандық теннисші Зарина Дияс Монтеррей турнирінің (жүлде қоры - 250 мың АҚШ доллары) екінші айналымына шыққанымен, Беларусь елінің өкілі Виктория Азаренкодан жеңіліп қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).