НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық, әлемнің 96-ракеткасы Михаил Кукушкин Марсель (Франция) ATP турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші бірінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 138-орында тұрған франциялық Артур Риндеркнехпен кездесті.
Матчты қарқынды бастаған М.Кукушкин алғашқы партияны айқын басымдылықпен ұтты - 6:1.
Алайда осыдан кейін екі сетте қарсыласына есе жіберді - 3:6, 2:6.
Бәсеке 1 сағат 28 минутқа созылды.
А.Риндеркнех екінші айналымда әлемнің 52-ракеткасы, испаниялық Алехандро Давидович Фокина немесе рейтингте 970-сатыдағы грекиялық Петрос Циципастың біреуімен шеберлік байқасады.
Бұған дейін М.Кукушкин Нұр-Сұлтан қаласында өткен екі челленджер жарысында алғашқы айналымнан аса алмаған болатын. Осылайша оның сәтсіз өнер көрсетуі жалғасуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Доха турнирін жеңіспен бастағанын, Д.Евсеев пен Д.Попконың Санкт-Петербург жарысының екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).