НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Кукушкин Марсель (Франция) ATP турнирінде жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 69-ракеткасы М.Кукушкин алғашқы айналымда рейтингте өзінен он саты төмен тұрған франциялық Пьер-Юг Эрбермен кездесті.
Тартысты өрбіген бірінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда Эрбердің асығы алшысынан түсті – 7:6 (7:4).
Екінші сетте есеп 4:4 болған мезетте франциялық спортшы брейк жасап кетті. Содан кейін матчты жеңіспен аяқтады – 6:4.
Бәсеке 1 сағат 48 минутқа созылды.
Өткен жылы осы турнирде М.Кукушкин табысты өнер көрсетіп, финалға дейін жеткен болатын.
Тағы бір қазақстандық Александр Бублик осы (жүлде қоры – 769 670 еуро) жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 20-сыншы, осы доданың 6-ракеткасы, франциялық Бенуа Пэрмен сынға түседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Дубайда Аустралия чемпионын ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).