АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Михаил Кукушкин Марсель (Франция) турнирінің екінші айналымында канадалық Денис Шаповаловпен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
М.Кукушкин 31 жастағы тәжірибелі теннисші болса, әлемнің 25-ракеткасы Д.Шаповалов биыл ғана 20-ға толады.
Ойынды сәтті бастаған қазақстандық теннисші бірінші партияны 6:4 есебімен ұтты.
Тартысты өткен екінші сет 6:6 болып, тай-брейкке ұласты. Оны минибрейкпен бастаған М.Кукушкин 3:0 есебімен алға шықты. Ақыры жеңісті уысынан шығарған жоқ - 7:4.
Бәсеке 1 сағат 25 минутқа созылды.
Жүлде қоры 668 485 еуроға бағаланған турнирдің ширек финалында Михаил Кукушкин әлемнің 48-ракеткасы, италиялық Маттео Берреттини немесе ресейлік, рейтингте 115-орындағы Андрей Рублевтің бірімен кортқа шығады.
Қазақстандық теннисшілер Денис Евсеев пен Александр Недовесов Бангкок (Таиланд) қаласында өтіп жатқан челленджер турнирінде қарсыластарына есе жіберді.
Тағы бір қазақстаандық Александр Бублик Бергамо (Италия) жарысында бақ сынауда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің рейтингте үздік елудікке енгенін және Марсель турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).