АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 75-інші ракеткасы Михаил Кукушкин Майами турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ірі халықаралық жарыста М.Кукушкин дүниежүзілік рейтингте 84-інші сатыда тұрған румыниялық Мариуш Копилмен кездесті.
Бірінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда румыниялық теннисші 7:2 есебімен басым түсті. Екінші партия да 6:4 есебімен М.Копилдің пайдасына аяқталды. Кездесу 1 сағат 34 минутқа созылды.
М.Копил екінші айналымда ресейлік спортшы, әлемнің 41-інші ракеткасы Карен Хачановпен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, әйелдер арасындағы бәсекеде Зарина Дияс ресейлік Светлана Кузнецованы ұтып, үшінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).