Теннис: Кукушкин Париж турнирінің екінші айналымына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 54-інші ракеткасы Михаил Кукушкин Париж турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда рейтингте 57-інші сатыда тұрған франциялық Пьер-Юг Эрбермен күш сынасты.

Аса тартысты өрбіген матчта бірінші партияда корт иесі 6:3 есебімен басым түсті.

Осыдан кейін жинақтала білген М.Кукушкин қалған екі сетті 6:3, 7:5 есебімен өз есебіне жазды.

Қазақстандық спортшы кездесу барысында 14 брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдалана білді. Қарсыласы соншама брейк-пойнттың төртеуін ғана алды.

Бәсеке 2 сағат 18 минутқа созылды.

Кукушкин екінші айналымда әлемнің 9-ыншы ракеткасы, америкалық Джон Иснермен шеберлік байқасады. Рейтингісі жоғары болғандықтан, Д.Иснер екінші айналымға бірден шықты.

Жүлде қоры 5 млн АҚШ долларына жуықтайтын Париж турнирі 4 қараша күні мәреге жетеді. Биыл жарысқа әлемнің 1-інші ракеткасы, испаниялық Рафаэль Надаль бастаған мықты теннисшілер қатысуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Вена турнирінде табысты өнер көрсеткен М.Кукушкиннің дүниежүзілік рейтингте үздік елулікке жақындағанын жазған болатынбыз.