НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Кукушкин Ролан Гаррос турнирінде жарыс жолынан шығып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 88-ракеткасы М.Кукушкин екінші айналымда рейтингте 105-орында тұрған испаниялық Педро Мартинес Портеромен кездесті.
Бүгін қазақстандық теннисшінің ойыны мүлдем жүрмеді деуге болады. Алғашқы екі партияда 3:6, 1:6 есебімен есе жіберсе, соңғысында тіпті бірде-бір геймге қол жеткізе алмады – 0:6.
Бәсеке 1 сағат 39 минутқа созылды.
Испаниялық теннисші үшінші айналымда әлемнің 213-ракеткасы Себастьян Кордамен кортқа шығады. Ол отандасы, рейтингте 23-орында тұрған Джон Изнерді 6:4, 6:4, 2:6, 6:4 есебімен ұтып кетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Ролан Гаррос турнирінде әлемнің 9-ракеткасын ұтқанын, Е.Рыбакинаның сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Ал З.Дияс жеңіліп қалса, Ю.Путинцева үшінші айналымға шыға алмады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).