АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 87-інші ракеткасы Михаил Кукушкин Санкт-Петербор турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші аталмыш жарыстың алғашқы айналымында дүниежүзілік рейтингте 61-інші сатыда тұрған өзбекстандық Денис Истоминмен шеберлік байқасты.
М.Кукушкин бірінші партияда 7:5 есебімен басымдық танытты. Екінші сетте Д.Истомин 4:2 есебімен жеңіп жатқан кезде жарақатына байланысты матчты жалғастырудан бас тартты.
Бәсеке 1 сағат 40 минутқа созылды.
Михаил Кукушкин екінші айналымда осы жарыстың 8-інші ракеткасы болып тіркелген, рейтингте 35-інші орындағы ресейлік Даниил Медведевпен кездеседі.
Жүлде қоры 1 175 190 АҚШ долларына бағаланған турнир 23 қыркүйекте мәреге жетеді. М.Кукушкин 2010 жылы осы турнирдің жеңімпазы атанған болатын. Бұл - оның өз спорттық жолындағы жалғыз ғана титулы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Гуанчжоу турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).