Дүниежүзілік рейтингте 90-орында тұрған М.Кукушкин екінші айналымда әлемнің 19-ыншы, осы доданың 13-ракеткасы, чилилік Кристиан Гаринмен шеберлік байқасты.
М.Кукушкин биыл 33-ке толатын болса, қарсыласы 26 жаста еді.
Қазақстандық теннисші бірінші партияда 6:2 есебімен басым түссе, екінші сетте қарқынын кеміткен жоқ – 6:1.
Үшінші сетте керісінше К.Гарин брейкпен алға шықты – 3:1. М.Кукушкин есепті қысқартқанымен, қарсыласы қайыра брейкке қол жеткізді – 4:2. Ақыры ол осы басымдылығынан айырылған жоқ – 6:3.
Төртінші партияда есеп 1:1 болғаннан кейін чилилік теннисші қос бірдей брейкпен алға кетті – 4:1. Қазақстандық спортшы таразы басын теңестіргенімен, қарсыласының тағы бір брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды – 4:5. Сосын К.Гарин сетті өз есебіне жазды – 6:4.
Шешуші, бесінші сетте әуелі брейк жасаған чилилік алға кетті – 3:1. Дегенмен Кукушкин де қалыспады – 3:3. Есеп 6:5 болғанда, қазақстандық теннисші матчболын пайдалана білді – 7:5.
Аса тартысты өткен матч 3 сағат 55 минутқа созылды.
М.Кукушкин жүлде қоры 53,4 млн АҚШ долларына бағаланған жарыстың үшінші айналымында әлемнің 63-ракеткасы, аустралиялық Джордан Томпсонмен кездеседі.
М.Кукушкин өткен жылы екінші айналымнан аса алмаған еді. Биыл қазірдің өзінде сол көрсеткішін жақсартып отыр.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 165-ракеткасы Дмитрий Попко Острава (Чехия) челленджер турнирін жеңіспен бастады. Ол алғашқы айналымда рейтингте 179-орында тұрған ресейлік Роман Сафиуллинді 6:3, 1:6, 6:3 есебімен ұтты. Д.Попко ширек финалға шығу үшін әлемнің 225-ракеткасы, чехиялық Зденек Колармен таласады.
Сондай-ақ Андрей Голубев уругвайлық Ариэл Бехармен бірге жұптық сында Корденонс (Италия) челлендж жарысының ширек финалына шықты. Олар бірінші кездесуінде италиялықтар Франческо Маэстрелли мен Лука Нардиді 6:0, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Қазақстандық-уругвайлық жұп енді италиялықтар Маттео Mарфиа мен Даниело Валентиноны ұтса, жартылай финалға шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның US Open турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.