Теннис: Кукушкин Венада әлемнің 10-ыншы ракеткасын ұтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Венатурнирінің алғашқы айналымында әлемнің 10-ыншы ракеткасы, болгариялық Григор Димитровпен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Г. Димитров осы турнирдің үшінші ракеткасы болып тіркелсе, М.Кукушкин әлемдік рейтингте 71-інші орында келеді.

Аса тартысты өткен матчта қазақстандық теннисші шеберлігін асырып, 6:4, 4:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

2 сағат 25 минутқа созылған кездесуде Кукушкин 11 брейк-пойнттың екеуін пайдалана білді. Димитров 1 ғана брейк жасай алды.

Осылайша қарсыластар өзара барлығытөрт матч өткізсе, соның үшеуінде қазақстандық спортшы жеңіске жетіп отыр.

Екінші айналымда М.Кукушкин ресейлік, рейтингте 76-ыншы орындағы Андрей Рублевпен шеберлік байқасады. Оны жеңсе, ширек финалда әлемнің 40-ыншы ракеткасы, венгриялық Мартон Фучовичпен кортқа шығады.

Бір қызығы, осы турнирдің іріктеу сайыстарының финалында М.Кукушкин мен А.Рублевтің жолдары тоқайласып, онда қазақстандық теннисші бұрынғы отандасын 6:2, 6:3 есебімен тізе бүктірген болатын. Кейін негізгі турнирге лаки-лузер есебінде қосылған А.Рублев бірінші айналымда америкалық Денис Кудланы 7:6 (7:3), 6:0-мен ұтқан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің жүлде қоры 2 млн АҚШ долларынан асатын Венаның негізгі турниріне жолдама алғанын жазған болатынбыз.

Жарыс 28 қазан күні мәреге жетеді.