АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 73-інші ракеткасы Михаил Кукушкин Венаның негізгі турниріне жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында бұрынғы отандасы, ресейлік, рейтингте 78-інші орындағы Андрей Рублевпен күш сынасты.
М.Кукушкин 1 сағат 12 минутқа созылған матчта 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, теннисшілер өзара үш кездесу өткізсе, соның екеуінде М.Кукушкин басым түсіп отыр.
Жүлде қоры 2 млн АҚШ долларынан асатын Вена турнирінің алғашқы айналымында қазақстандық теннисші осы турнирдің үшінші ракеткасы болып тіркелген, рейтингте 9-ыншы орындағы болгариялық ГригорДимитровпен шеберлік байқасады.
Айтулы дода 28 қазан күні мәреге жетеді. Өткен жылы финалда франциялық Люка Пуи өзінің отандасы Жо-Вильфрид Цонганы тізе бүктіріп, жеңімпаз атанған болатын.
Биылғы турнирде рейтингте 7-інші орындағы австриялық Доминик Тим бірінші ракетка болып тіркелді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).