НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин бельгиялық Йоран Флигенмен бірге жұптық сында «Ролан Гаррос» турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық-бельгиялық жұп үшінші айналымда аргентиналықтар Федерико Дельбонис және Гильермо Дюранмен күш сынасты.
Бірінші партияны аргентиналық спортшылар сәтті өткізді - 6:2.
Екінші сетте Кукушкин мен Флиген тай-брейкте таразы басын аудара білді - 7:6 (7:5).
Үшінші, шешуші партияда олар 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Тартысты бәсеке екі сағатқа жуық уақытқа созылды.
Кукушкин мен Флиген жартылай финалға шығу үшін осы жарыстың 3-ракеткалары, колумбиялықтар Хуан-Себастьян Кабаль мен Роберт Фарах немесе Нидерланды елінің өкілі Робин Хасе мен даниялық Фредерик Нильсен жұптарының қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің жұптық сында «Ролан Гарростың» үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).