НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 40-ракеткасы Михаил Кукушкиннің Мадрид турниріндегі қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жүлде қоры 6,5 млн еуродан асатын ірі жарыстың алғашқы айналымында қазақстандық теннисші рейтингте өзінен бір саты төмен тұрған, 35 жасар германиялық Филипп Кольшрайбермен кездеседі.
Оны жеңген жағдайда әлемнің 17-ракеткасы, грузиялық Николоз Басилашвили немесе рейтингте 31-орындағы америкалық Фрэнсис Тиафоның біреуімен кортқа шығады.
М.Кукушкин осының алдындағы Эшторил турнирінде дәл осы Ф.Тиафоға есе жіберген болатын.
Қазіргі кезде іріктеу сайыстары болып жатқан Мадрид турнирі 12 мамырда мәреге жетеді. Оған әлемнің бірінші ракеткасы, сербиялық Новак Джокович, испаниялық Рафаэль Надаль, осы жарыстың өткен жылғы жеңімпазы, германиялық Александр Зверев, швейцариялық Роджер Федерер сынды мықтылар қатысады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Жапониядағы Гифу турнирінің жеңімпазы атанғанын, тағы бір қазақстандық Юлия Путинцеваның Мадрид турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).