НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Михаил Кукушкиннің Монте-Карло (Монако) турниріндегі қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жүлде қоры 5,2 млн еуродан асатын мастерс турнирінің алғашқы айналымында қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингте өзінен екі саты жоғары тұрған франциялық Жереми Шардимен шеберлік байқасады.
Егер оны жеңген жағдайда әлемнің 8-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципаспен кортқа шығады. 14-21 сәуір аралығында өтетін айтулы додаға әлемнің 1-інші және 2-ракеткалары, сербиялық Новак Джокович, Монте-Карло турнирінің өткен жылғы жеңімпазы, испаниялық Рафаэль Надаль бастаған маңдайалды теннисшілер қатысады.
Бүгін турнирдің іріктеу сайыстары өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық Галина Воскобоеваның ресейлік Вероника Кудерметовамен бірге жұптық сында Лугано турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).