НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытайда теннистен биылға жоспарланған барлық турнирлер өтпейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) өзінің ресми сайтында мәлім еткендей, Қытай үкіметі коронавирус індетіне байланысты жыл аяғына дейін барлық халықаралық жарыстарды өткізбеу туралы қаулы қабылдаған.
Осыған байланысты Ухань, Наньчан, Бейжің, Чжэнчжоу, Гуанчжоу жарыстары өтпейді. Сонымен қатар Шэньчжэндегі WTA қорытынды турнирі, Чжухайдағы кіші қорытынды турнир болмайды.
WTA, әсіресе, Шэньчжэндегі жылдың қорытынды турнирін өткізбеуден 50 млн-дай АҚШ долларын жоғалтпақшы.
Сол секілді Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы (ATP) да ерлер арасында Шанхайда мастерс, Бейжіңде ATP-500, Чэнду мен Чжухайда ATP-250 додаларының өтпейтінін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық Елена Рыбакинаның Палермо турниріне қатысатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).