АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин Кремль кубогы үшін теннистен халықаралық турнирдің алғашқы айналымында ресейлік Андрей Рублевпен күш сынасты.
Дәл 20 қазанда 18 жасқа толған А.Рублев өзінің туған күніне сый жасағысы келгенмен, одан он жасқа үлкен, тәжірибесі де, шеберлігі де мол, осы турнирдің сегізінші ракеткасы М.Кукушкин бұған мүмкіндік берген жоқ. Бірінші партия 6:2 есебімен аяқталса, екіншісінде А.Рублев барынша қарсыласып бақты. Есеп 4:4 болып тұрған мезетте шебер ойнаған М.Кукушкин брейк жасай білді. Содан кейін өзі доп бергенде, бірінші матчболдан-ақ аяқтай білді. Сөйтіп екінші партия да 6:4 есебімен Михаилдың пайдасына шешілді.
Екінші айналымда М.Кукушкин тағы бір ресейлік Андрей Кузнецовпен кортқа шығады.
Айта кетейік, Кремль кубогының жүлде қоры 698 325 АҚШ долларын құрайды. 2013 жылы М.Кукушкин осы жарыстың финалына дейін жеткен болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).