ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин бүгін Кремль кубогы үшін халықаралық жарыстың екінші айналымында итальяндық Фабио Фоньинимен кездесті.
М.Кукушкин бұл ойынын да сәтті өткізіп, осы турнирдің төртінші ракеткасын 6:4, 6:2 есебімен екі партияда ұтты. Михаил үш рет эйс жасап, 11 брейк-пойнттың бесеуін өз пайдасына жазды.
Жартылай финалға шығу үшін М.Кукушкин осы жарыстың жетінші ракеткасы, ресейлік Михаил Южный мен аргентиналық Хуан Монаконың қай жеңгенімен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, өткен жылы қазақстандық теннисші Кремль кубогының финалына дейін жеткен болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).