АСТАНА. ҚазАқпарат - Италияның Рим қаласында өтіп жатқан Internazionali BNL d´Italia турнирінің бірінші айналымында Қазақстанның бірінші, әлемнің 87-інші ракеткасы Михаил Кукушкин хорватиялық Борна Чоричпен күш сынасты.
Тікелей спорттық көрсетілім арқылы мәлім болғанындай, 28 жасар М.Кукушкин тісқаққан теннисші болса, Б.Чорич небәрі 19 жаста ғана. Жастығына қарамастан, Б.Чорич әлемдік рейтингте үздік елуліктің қатарына кіреді.
Аса тартысты өткен матчтың бірінші партиясында М.Кукушкин тай-брейкте 7:6 есебімен ұтты. Екінші сетте Б.Чорич 7:5 есебімен есе қайырды. Шешуші, үшінші партияда М.Кукушкин өзінің шеберлігін көрсете білді. Есеп 5:3 болып тұрған сәтте матчболды пайдалана алмаған қазақстандық теннисші қарсыласы доп берген кезде жақсы ойнай алды. Сөйтіп қайта брейк жасап, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Енді Рим турнирінің екінші айналымында М.Кукушкин әлемнің маңдайалды теннисшілерінің бірі, осы жарыстың 2-інші ракеткасы, атақты Энди Марреймен шеберлік байқасады.
Айта кетейік, жүлде қоры 4,3 млн еуродан асатын Рим турниріне Михаил Кукушкин іріктеу сайыстарынан сәтті өтіп, негізгі жарысқа жолдама алған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).