АСТАНА. ҚазАқпарат - Австралияның Сидней қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирде қазақстандық теннисші, дүниежүзілік рейтингте 66-орында тұрған Михаил Кукушкин уругвайлық, әлемнің 29-ыншы ракеткасы Пабло Куэвасты 7:5, 7:5 есебімен ұтып, ширек финалға шықты.
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, М.Кукушкин жартылай финалға шығу үшін атақты аргентиналық теннисші Хуан Мартин дель Потромен күш сынасады. Ол екінші айналымда осы турнирдің бірінші ракеткасы, итальяндық Фабио Фоньиниді жеңді.
Айта кетейік, М.Кукушкин Сидней турниріне іріктеу сайыстарынан кейін жолдама алып, алғашқы айналымда өзбекстандық Денис Истоминді тізе бүктірген болатын.
Сидней жарысының жүлде қоры - 494310 АҚШ доллары. Бұл Австралия ашық біріншілігі алдындағы басты дайындық іспеттес. Сонымен қатар Хобарт қаласында әйелдер арасында халықаралық турнир өтуде. Мұнда Қазақстанның бірінші, әлемнің 31-інші ракеткасы Зарина Дияс өнер көрсетуде. Ол 14 қаңтар күні словакиялық теннисші Даниэла Гантуховамен кездесуі тиіс болатын. Алайда бұл күні Хобартта жаңбыр жауғандықтан, матчтардың барлығы 15 қаңтарға қалдырылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).