АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейлік атақты теннисші, әлемнің үшінші ракеткасы Мария Шарапова бүгін басталатын АҚШ-тың ашық чемпионатына қатысудан бас тартты.
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, М.Шарапова Уимблдон турнирінен бері ойнамаған болатын. Цинциннати жарысында оң аяғының жарақатына байланысты кортқа шыға алмаған еді. Өз мәлімдемесінде Мария АҚШ-тың ашық чемпионатына қатысу үшін бәрін жасағанымен, уақыттың жетпегенін айтқан. Енді ол бірнеше аптадан кейін Азия турнирлерінде бақ сынамақшы. М.Шарапованың орнына тағы бір ресейлік Дарья Касаткина ойнайтын болды, ол австралиялық Дарья Гавриловамен кездеседі.
Еске сала кетейік, US Open турнирінің алғашқы айналымында Қазақстанның бірінші, әлемнің 34-інші ракеткасы Зарина Дияс словениялық Полона Херцог, тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева украиналық Катерина Бондаренкомен шеберлік байқасады. Ал Ярослава Шведова іріктеу сайыстарынан өте алмады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).