Теннис: Майами турнирінде қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Майами қаласында (АҚШ) 22 наурыз - 3 сәуір аралығында теннистен өтетін ірі халықаралық турнирде қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болды.

Сhampionat.com сайтының хабарлауынша, Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда америкалық Николь Гиббзбен кездеседі. Осының алдында Индиан-Уэллс турнирінің үшінші айналымында Н.Гиббз қазақстандық Ярослава Шведованы 6:0, 6:4 есебімен жеңген болатын. Енді Юлияға қарымта қайтарудың мүмкіндігі келіп тұр.

Майамиде сондай-ақ Зарина Дияс белоруссиялық Ольга Говорцовамен, Галина Воскобоева биылғы Австралия ашық чемпионатында жарақат алып қалып, кортқа қайта оралған франциялық Ализе Корнемен шеберлік байқасады.

Қазақстанның үш теннисшінің қатарына іріктеу сайыстарынан өтсе, Я.Шведова да қосылуы әбден мүмкін.

Әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямс бастаған маңдайалды спортшылар қатысатын Майами турнирінің жүлде қоры 6,1 млн. астам АҚШ долларын құрайды.