Теннис: Михаил Кукушкин әлемнің 8-інші ракеткасына есе жіберді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин Мадрид турнирінің екінші айналымында әлемнің 8-інші ракеткасы, оңтүстікафрикалық Кевин Андерсонмен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аса тартысты өткен матчты сәтті бастаған, әлемдік рейтингте 96-ыншы орында тұрған М.Кукушкин бірінші партияда 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Екінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда К.Андерсон 7:3 есебімен таразы басын аудара білді.

Үшінші, шешуші партияны оңтүстікафрикалық теннисші 6:2 есебімен ұтты. Кездесу 2 сағат 15 минутқа созылды.

Осылайша іріктеу сайыстарынан кейін негізгі турнирге қосылған Михаил Кукушкин әлемнің 8-інші ракеткасын ұта алмады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Мадрид турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.