АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 90-ыншы ракеткасы Михаил Кукушкин АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан ірі халықаралық турнирді сәтті бастады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
www.championat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, қазақстандық теннисші австралиялық Джордан Томпсонмен күш сынасқан еді. Есеп 1:6, 6:1, 3:0 болып, Михаил жеңіп келе жатқан кезде қарсыласы ойынды жалғастырудан бас тартты. М.Кукушкин екінші айналымда америкалық белгілі теннисші, осы турнирдің 20-сыншы ракеткасы Джон Иснермен кортқа шығады.
Бұл турнирдің жүлде қоры 7,9 млн. АҚШ долларынан асады. Ал жүлде қоры 7 млн. АҚШ долларына жуық әйелдер арасындағы турнирде қазақстандық Ярослава Шведова алғашқы айналымда америкалық Варвара Лепченкодан 6:4, 2:6, 4:6 есебімен жеңіліп қалды. Ал бірден екінші айналымға өткен Қазақстанның бірінші, әлемнің 30-ыншы ракеткасы Юлия Путинцева франциялық Полин Пармантьемен шеберлік байқасады.
Айта кетейік, әлемнің көптеген мықты теннисшілері қатысып жатқан қос жарыс та 19 наурыз күні мәреге жетеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).