НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Кукушкин Индиан-Уэллс мастерс турниріне жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 154-орында тұрған М.Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 93-ракеткасы, жапониялық Есихито Нисиокамен шеберлік байқасты.
Қазақстандық теннисші қарсыласын 6:2, 7:6 (7:4) есебімен ұтты.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында 1 эйс жасап, 18 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс, 2 брейкпен (9 брейк-пойнт) шектелді.
М.Кукушкиннің негізгі турнирдегі қарсыласы кейін анықталады.
Жүлде қоры 8,5 млн АҚШ долларынан асатын ірі жарыста Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик те өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Еуропа рейтингісінде үш ай бойы көш бастап келе жатқанын, Михаил Кукушкиннің Индиан-Уэллс турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).