АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 91-інші ракеткасы Михаил Кукушкин Лион (Франция) турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 196-ыншы орында тұрған франциялық Грегуар Баррермен шеберлік байқасты. Бұл бәсекеде М.Кукушкин 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Кездесу 1 сағат 14 минутқа созылды.
М.Кукушкин жүлде қоры 600 мың АҚШ долларына жуықтайтын Лион турнирінің ширек финалына шығу үшін әлемнің 335-інші ракеткасы, аргентиналық Федерико Кориямен таласады.
Бүгін сондай-ақ Страсбургте Зарина Дияс венгриялық Тимея Бабошпен, Нюрнбергте Юлия Путинцева әлемнің 10-ыншы ракеткасы, америкалық Слоан Стивенспен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын З.Диястың венгриялық теннисшімен кездесетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).