Теннис: Михаил Кукушкин Мадрид турнирінің екінші айналымына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 96-ыншы ракеткасы Михаил Кукушкин Мадрид турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол алғашқы айналымда әлемнің 73-інші ракеткасы, испаниялық Роберто Карбальес Баэнамен күш сынасты.

Бірінші партияда-ақ ойын тізгінін қолына алған қазақстандық теннисші қарсыласынан 6:3 есебімен басым түсті.

Екінші партияда М.Кукушкин 3:0 есебімен алға шыққанымен, испаниялық теннисші де қарап қалмай, брейк жасады. Дегенмен Михаил үшінші брейк жасап, сосын өз геймін де бермей, есепті 5:1-ге жеткізді. Бұдан кейін қарсыласы бір гейм алғанымен, қазақстандық теннисші өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Есеп - 6:2. Кездесу 1 сағат 8 минутқа созылды.

Жүлде қоры 7,4 млн АҚШ долларынан асатын Мадрид турнирінің екінші айналымында Михаил Кукушкин әлемнің 8-інші ракеткасы, оңтүстікафрикалық Кевин Андерсонмен кездеседі.

Айта кетейік, бүгін жаңартылған дүниежүзілік рейтингте М.Кукушкин бұрынғы 96-орнын сақтап қалды. Сол секілді әлемнің 54-інші ракеткасы Зарина Диястың рейтингісі де өзгеріссіз қалды, ал Юлия Путинцева бір сатыға (85-інші орынға) төмендеді.

Бұдан бұрын М.Кукушкиннің Мадридтің негізгі турниріне жолдама алғанын, сосын қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.