Теннис: Михаил Кукушкин Мадридтің негізгі турниріне жолдама алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 96-ыншы ракеткасы Михаил Кукушкин Мадридтің негізгі турниріне жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнирді іріктеу сайыстарынан бастаған қазақстандық теннисші әуелі дүниежүзілік рейтингте 107-інші орында тұрған франциялық Николя Маюды 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Бүгін іріктеу сайысының финалында М.Кукушкин әлемнің 71-інші ракеткасы, сербиялық Виктор Троицкимен күш сынасты. Аса тартысты өткен бәсекенің бірінші партиясында қазақстандық теннисші тай-брейкті 7:6 (7:5) сәтті өткізді.

Екінші партияда М.Кукушкин қарсыласын бет қаратпай, 6:1 есебімен ұтты. Осылайша ол негізгі турнирге жолдама алды.

Жүлде қоры 7,4 млн АҚШ долларынан асатын Мадрид турниріндегі М.Кукушкиннің келесі қарсыласы кейін анықталады. Бұл жарыс 13 мамыр күні мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, әйелдер арасындағы Мадрид турнирінде қазақстандық Зарина Диястың алғашқы айналымда Пуэрто-Рико елінің өкілі Моника Пуигке есе жібергенін бұдан бұрын жазған болатынбыз.