НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин Майами ATP 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 105-ракеткасы М.Кукушкин бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 316-орында тұрған ұлыбританиялық Джек Дрэйпермен өткізді.
Тартысты өткен бірінші партияда қазақстандық теннисші таразы басын өзіне аудара білді - 7:5.
Бұдан кейін ұлыбританиялық спортшы 1 сағат 15 минутқа созылған бәсекені жалғастырудан бас тартты.
М.Кукушкин жалпы жүлде қоры 3,64 млн АҚШ долларына бағаланған жарыстың екінші айналымында әлемнің 27-ракеткасы, ресейлік Аслан Карацевпен күш сынасады. А.Карацевтің биылғы қарқыны өте күшті. Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен ол жуырда Дубай турнирінің жеңімпазы атанды. Соның нәтижесінде рейтингте 27-орынға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жұптың Хорватиядағы турнирдің жартылай финалына шыққанын, Зарина Диястың Майами жарысының үшінші айналымына өте алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).