Теннис: Михаил Кукушкин Майами турнирінде жеңіліп қалды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 105-ракеткасы Михаил Кукушкин Майами ATP 1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М.Кукушкин екінші айналымда әлемнің 27-інші, осы жарыстың 17-ракеткасы, ресейлік Аслан Карацевпен күш сынасты.

Бұрын үздік 100 теннисшінің қатарынан көрінбеген А.Карацев биыл Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына дейін жетіп, жуырда Дубай турнирінің жеңімпазы атанған еді. Соның нәтижесінде рейтингте 27-сатыға көтерілді. Ал М.Кукушкин керісінше үздік жүздіктің қатарынан шығып қалған болатын.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші брейкпен алға кетті – 3:1. Әйтсе де ресейлік спортшы таразы басын теңестірді – 4:4. Сосын тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:4.

Екінші сетте брейк жасаған А.Карацев алға шықты – 2:0. М.Кукушкин қайыра брейк жасағанымен, қарсыласы қарап қалмады – 4:1. Ақыры ол матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.

Бәсеке 1 сағат 23 минутқа созылды.

А.Карацев үшінші айналымда әлемнің 17-ракеткасы, италиялық Фабио Фоньини немесе рейтингте 87-орында тұрған америкалық Себастьян Корданың біреуімен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Майами турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.