Теннис: Михаил Кукушкин Майами турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады
М.Кукушкин іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 117-ракеткасы, молдовалық Раду Алботпен кездесті.
Қазақстандық теннисші екі сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта 4:6, 7:6 (9:7), 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Тартысты бәсеке барысында М.Кукушкин 5 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 7 эйс, 2 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
М.Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 88-ракеткасы, даниялық Хольгер Руне немесе әлемдік рейтингіде 372-орындағы жапониялық Шинтаро Мочизукидің біреуімен шеберлік байқасады. Келесі қарсыласын ұтса, қазақстандық теннисші 23 наурыз – 3 сәуір аралығында өтетін негізгі турнирге жолдама алады.
Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко іріктеу сайыстарының жартылай финалында бразилиялық Тьяго Монтейромен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубевтің Индиан-Уэллс мастерс турнирінің финалына шыға алмағанын, қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингіде жоғары көтерілгенін жазған болатынбыз.