НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Кукушкин Мельбурндағы Murray River Open турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 90-орында тұрған М.Кукушкин екінші айналымда әлемнің 18-інші, осы доданың 1-ракеткасы, кезінде үш бірдей «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы атанған швейцариялық Станислас Вавринкамен кездесті.
Матчты тым-тәуір бастаған қазақстандық теннисші бірінші партияда жеңіске жетті – 6:4. Есесіне екіншісінде швейцариялық спортшы есе қайырды – 6:3.
Үшінші, шешуші партияда С.Вавринка 4:1 есебімен алға кетті. Бұдан кейін ол бірде-бір геймді берген жоқ – 6:1.
Бәсеке екі сағатқа жуық уақытқа созылды.
Швейцариялық теннисші ширек финалға шығу үшін аустралиялық Алекс Болтпен таласады.
Жүлде қоры 320775 АҚШ долларына бағаланған дода 7 ақпанда мәреге жетеді. Турнир жеңімпазы 250 рейтингілік ұпай мен 19 500 АҚШ долларына қол жеткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Мельбурн жарысын жеңіспен бастағанын, Дмитрий Попконың Анталия турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).