НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Монте-Карло (Монако) турнирінің алғашқы айналымында франциялық Жереми Шардимен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық спортшы бүгін жаңартылған дүниежүзілік рейтингте 44-тен 42-ге, ал қарсыласы 42-ден 41-сатыға көтерілген еді.
Олардың екеуі де 1987 жылы дүниеге келген тәжірибелі теннисшілер болатын.
Бірінші партияда брейк жасаған Михаил Кукушкин 4:3 есебімен алға шықты. Сосын мұны тағы бір брейкпен түйіндеді - 6:3.
Екінші сетте есеп 5:4 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасап, матчты аяқтай білді - 6:4.
Бәсеке 1 сағат 23 минутқа созылды.
М.Кукушкин екінші айналымда әлемнің 8-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципаспен күш сынасады.
Жүлде қоры 5,5 млн еуродан асатын Монте-Карлодағы мастерс турнирі 21 сәуірде мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Монте-Карлодағы қарсыласы анықталғанын, тағы бір қазақстандық Дмитрий Попконың АҚШ-тағы турнирдің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз. Ал әйелдер арасында қазақстандық Галина Воскобоева ресейлік Вероника Кудерметовамен Лугано турнирінің финалында ғана есе жіберді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).