Теннис: Н.Джокович алтыншы рет Австралия чемпионы атанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Мельбурнде теннистен Австралия чемпионаты мәреге жетті.

Екі апта бойы теннис жанкүйерлерінің назарын аударған біріншіліктің ерлер арасындағы соңғы бәсекесінде әлемнің бірінші және екінші ракеткалары, сербиялық Новак Джокович пен ұлыбританиялық Энди Маррей кортқа шықты. Бірінші партияны Новак 6:1 есебімен оңай ұтты. Екінші партияда ғана Энди өзіне-өзі келгендей болғанымен, бәрібір 5:7 есебімен есе жіберді. Үшінші партияда алға кеткен Новакты қуып жеткен Эндидің мұны өз пайдасына жазатындай мүмкіндігі болды. Бірақ тай-брейкте өзі доп берген кезде екі мәрте қателікке жол беріп, ақыры жеңіліп тынды.

Сөйтіп 28 жасар Новак Джокович алтыншы рет Австралия ашық біріншілігінің жеңімпазы атанды. Ол сондай-ақ «Үлкен дулыға» жарыстарындағы жеңісін 11-ге жеткізді.

Еске сала кетейік, әйелдер арасындағы сында неміс теннисшісі, осыған дейін дүниежүзілік сатыда жетінші орында тұрған Анжелика Кербер атақты американдық, әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямсты көпшілік күтпеген жерден ұтып, тұңғыш рет Австралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанды. Осы біріншіліктен кейін А.Кербер әлемнің екінші ракеткасы атанбақ. Ол әрі өзінің отандасы, осындай әлемдік жарыстың 22 мәрте чемпионы Штеффи Графтан кейін 1968 жылдан бері «Үлкен дулыға» турнирінде жеңіс шыңына көтерілген екінші теннисші болып отыр. Сонымен қатар А.Кербер С.Уильямстың «Үлкен дулыға» турнирін жеңіп алу жағынан (21) Ш.Графты қуып жетуіне жол берген жоқ.