Теннис: Недовесов Алматы турнирінің жартылай финалына өте алмады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші, әлемнің 189-ракеткасы Александр Недовесов Алматы челленджер турнирінің жартылай финалына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы турнирдің 8-ракеткасы болып тіркелген А.Недовесов әлемдік рейтингте 234-орында тұрған аргентиналық Федерико Кориамен күш сынасты.

Бірінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда Корианың жолы болды - 7:6 (7:4).

Екінші сет те аргентиналық спортшының жеңісімен аяқталды - 6:4.

Біршама тартысты өрбіген бәсеке 1 сағат 44 минутқа созылды.

Ф.Кориа финалға шығу үшін германиялық Янник Ханфманн немесе словакиялық Андрей Мартиннің біреуімен таласады.

Осылайша өз елімізде өтіп жатқан, жүлде қоры 54 мың АҚШ долларына бағаланған Алматы турнирінде жекелей де, жұптық сында да Қазақстаннан ешкім қалған жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Недовесовтің Алматы турнирінің ширек финалына шығып, Юлия Путинцеваның «Ай жаңалығы» аталымы бойынша үздік үштікке іліккенін жазған болатынбыз.

Ал «Ролан Гаррос» турнирінде 17 жасар спортшы чемпионды ұтып кетті.