Теннис: Недовесов Шымкент турнирінің жартылай финалына шыға алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстандық теннисші Александр Недовесов Шымкенттегі челленджер турнирінің ширек финалында боливиялық Уго Дельенмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Недовесов дүниежүзілік рейтингте 272-інші орында тұрса, қарсыласы осы турнирдің 2-інші ракеткасы болып тіркелген. Ол 145-інші сатыда келеді.

Матчты қарқынды бастаған қазақстандық теннисші бірінші партияда 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Екінші сетте керісінше У.Дельен брейк жасап, 3:0 есебімен алға шықты. Ақыры ол бұл партияны өз пайдасына шешті - 6:1.

Боливиялық теннисші үшінші партияда мүлдем мүмкіндік берген жоқ - 6:0.

Кездесу 1 сағат 43 минутқа созылды.

Осылайша Шымкент турнирінде жекелей сында Қазақстаннан ешкім қалмады.

Жүлде қоры 50 мың АҚШ долларына бағаланған Шымкент турнирінің жартылай финалында У.Дельен осы турнирдің 3-інші, әлемнің 147-інші ракеткасы, Австрия елінің өкілі Себастиян Офнер немесе рейтингте 292-інші орында тұрған доминикандық Роберто Сидтің біреуімен шеберлік байқасады. Турнирдің бірінші, әлемнің 138-інші ракеткасы, германиялық Янник Ханфманн да жарыс жолынан шыға қойған жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Недовесовтің Шымкент турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.