НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 37-ракеткасы Юлия Путинцева Бейжің WTA турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен күш сынасты.
Қарсыластар бірінші партияны брейк алмасумен бастады. Бұдан кейін тағы бір брейк жасаған Э.Барти сол басымдылығын сақтай алды – 6:4.
Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте аустралиялық теннисші брейк жасап кетті. Тағы бір брейк – 5:2. Ақыры ол матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:2.
Бәсеке 1 сағат 17 минутқа созылды.
Э.Барти ширек финалға шығу үшін әлемнің 12-ракеткасы, америкалық Слоан Стивенс немесе дүниежүзілік рейтингте 39-орында тұрған қытайлық Чжэн Сайсайдың біреуімен таласады.
Жүлде қоры 8,3 млн-ға жуық АҚШ долларына бағаланған жарыс 6 қазан күні мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Қазақстанның 1-ракеткасы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).