Теннис: Путинцева «Ай жаңалығы» аталымы бойынша үздік үштікке ілікті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева мамыр айының қорытындысы бойынша «Ай жаңалығы» аталымы бойынша үздік үштікке ілікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) дауыс беру қорытындысын жария етті.

Мамыр айында Ю.Путинцева Нюрнберг турнирінің жеңімпазы атанған болатын. Бұл оның спорттық жолындағы WTA жарыстарындағы алғашқы табысы еді. Соның нәтижесінде ол дүниежүзілік рейтингте 39-дан 28-орынға көтерілді. Сөйтіп рейтингтегі үздік көрсеткішіне (27) бір саты жетпей қалды.

Нюрнберг жарысынан кейін іле-шала басталған «Ролан Гаррос» турнирінде Ю.Путинцева, қалпына келіп үлгере алмады ма, алғашқы кездесуінде-ақ ұтылып қалды. Өткен жылы осы турнирдің ширек финалына дейін жеткен Юлия үшін бұл, әрине, сәтсіздік.

Дауыс беру қорытындысында әлемнің 4-ракеткасы, өткен айда Мадридте үздік шыққан Нидерланды елінің өкілі Кики Бертенс екінші орынға ие болды. Бірақ ол бұл аталым бойынша екінші тұрғанымен, айдың үздік теннисшісі атана білді.

Чехиялық, 19 жасар Маркета Вондроушова «Ай жаңалығы» («Прорыв месяца») аталымының жеңімпазы атанды. Ол мамыр айында Рим турнирінің ширек финалына дейін ғана жетті. Дегенмен жанкүйерлердің М.Вондроушованы қалауына теннисшінің «Ролан Гарроста» табысты өнер көрсетіп жатқаны әсер етсе керек. Маркета Франция ашық чемпионатының жартылай финалында Йоханна Контамен күш сынасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық Александр Недовесовтің Алматы турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.