ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстандық Юлия Путинцева Бейжің турнирінің алғашқы айналымында испаниялық Карла Суарес-Наварромен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін жаңартылған дүниежүзілік рейтингте Ю.Путинцева 45-тен 47-інші орынға сырғып кетсе, қарсыласы одан әлдеқайда жоғары, 22-інші сатыда тұрған-ды.
Бірінші партия Суарес-Наварроның айқын басымдылығымен аяқталды - 6:1. Ол екінші сетте де қарсыласын бет қаратқан жоқ - 6:0.
Матч 53 минутқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Дияс пен Юлия Путинцеваның іріктеу сайыстарынан сәтті өтіп, Бейжіңнің негізгі турниріне жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Жүлде қоры 8,2 млн АҚШ долларынан асатын жарыстың алғашқы айналымында З.Дияс биылғы US Open турнирінің жеңімпазы, әлемнің 6-ыншы ракеткасы, жапониялық Наоми Осакамен кортқа шығады. Бұл - олардың екінші кездесуі. Биылғы «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымында З.Дияс Н.Осакаға 4:6, 5:7 есебімен есе жіберген еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).