Теннис: Путинцева Брисбенде әлемнің сегізінші ракеткасына жол берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-інші ракеткасы Юлия Путинцева Брисбен (Австралия) турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жүлде қоры 899 500 АҚШ долларына бағаланған жарыста Ю.Путинцева осы турнирдің бесінші ракеткасы болып тіркелген, әлемдік рейтингте 8-інші орында тұрған чехиялық Каролина Плишковамен кездесті.

Аса тартысты өткен матчта чехиялық спортшы 4:6, 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Бәсеке 2  сағат 17 минутқа созылды.

Кезінде дүниежүзілік рейтингте көш бастаған К.Плишкова 10 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана алды. Ал Путинцева 3 брейкке қол жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын тағы бір қазақстандық теннисші Зарина Диястың Шэньчжэнь (Қытай) турниріндегі қарсыласы анықталып, одан кейін жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.  

Енді теннисшілер 10-26 қаңтар аралығында өтетін Австралия ашық чемпионатында сәтті өнер көрсетсе, ұпайды көбірек жинап, рейтингте көтеріле алады. Австралия ашық біріншілігі - жыл сайын өтетін төрт «Үлкен дулыға» турнирінің бірі.