НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Юлия Путинцева Цинциннати (АҚШ) турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 33-ракеткасы Ю.Путинцева алғашқы айналымда рейтингте өзінен үш саты төмен тұрған қытайлық Чжан Шуаймен кездесті.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші басымдылығын көрсете білді – 6:4.
Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Ю.Путинцева брейкпен алға шыққанымен, қарсыласы да қалыспай, таразы басын қайта теңестірді – 2:2. Тағы бір брейктен кейін қазақстандық теннисші өз геймін де алды – 4:2. Ю.Путинцева матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.
Біршама тартысты өткен бәсеке 1 сағат 40 минутқа созылды.
Юлия екінші айналымда әлемнің 21-інші, осы доданың 13-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен шеберлік байқасады. М.Саккари бірінші матчында америкалық 16 жастағы жас талант Кори Гауфты 6:1, 6:3 есебімен оңай ұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Цинциннати турнирінде Александр Бубликтің де жарыс жолынан шығып қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).