Америкалық теннисшінің рейтингте 111-інші орында тұрғанына қарамастан, матч тартысты өрбіді.
Бірінші партияда К.Макхейл 5:3 есебімен алға шығып, сетке доп берді. Міне, осы сәтте Ю.Путинцева брейк жасай білді. Ақыры таразы басы теңесіп, сет мәселесі тай-брейкте шешілді. Мұнда қазақстандық теннисші басымдылық көрсетті - 8:6.
Екінші партияда Ю.Путинцева қарқынды үдетіп, 5:2 есебімен алға кетті. Есеп 5:3 болған мезетте ол матчқа доп берді. Бірақ матчболдарын пайдалана алмай, қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды. Дегенмен өзі қайта брейк жасап, бәсекені жеңіспен аяқтады - 6:4.
Кездесу 2 сағат 21 минутқа созылды.
Осылайша З.Диястан кейін іріктеу сайыстарынан өткен Ю.Путинцева да Бейжіңнің негізгі турниріне жолдама алды. Зарина Дияс Бейжің турнирінің алғашқы айналымында әлемнің 8-інші ракеткасы, биылғы US Open турнирінің жеңімпазы, Жапония елінің жарық жұлдызы Наоми Осакамен, ал Ю.Путинцева рейтингте 22-інші орындағы испаниялық Карла Суарес-Наварромен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын З.Диястың Бейжіңнің негізгі турниріне жолдама алғанын жазған болатынбыз.