НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Юлия Путинцева Доха WTA премьер турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 32-орында тұрған Ю.Путинцева үшінші айналымда әлемнің тоғызыншы, осы жарыстың 4-ракеткасы, швейцариялық Белинда Бенчичпен кездесті.
Бірінші партияда швейцариялық теннисші 4:1 есебімен алға кетті. Есеп 3:5 болғанда, қазақстандық спортшы брейк жасағанымен, таразы басын теңестіре алмады – 4:6.
Бенчич екінші сетте қарқынын бәсеңдеткен жоқ – 3:0. Содан кейін матчты жеңіспен аяқтай білді – 6:3.
Бәсеке 1 сағат 28 минутқа созылды.
Б.Бенчич жартылай финалға шығу үшін әлемнің 46-ракеткасы, ресейлік Светлана Кузнецовамен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Дохада әлемнің 1-ракеткасымен кездесетінін, алайда жарақатына байланысты одан бас тартқанын, ал А.Бубликтің Дубай турнирінің ширек финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).