АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 61-інші ракеткасы Юлия Путинцева Гуанчжоу турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 227-інші орында тұрған германиялық Сабина Лисицкимен күш сынасты.
Ю.Путинцева бірінші партияны 6:3 есебімен ұтты.
Екінші сетте де сәтті ойнап, брейк жасап, 3:1 есебімен алға шықты. Осы басымдылығынан айырылмай, бұл партияда да 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Кездесу 1 сағат 20 минутқа созылды.
Ю.Путинцева ширек финалда Украина елінің өкілі, рейтингте 117-інші сатыда тұрған Катерина Козловамен шеберлік байқасады. К.Козлова ширек финалға оңай шықты, өйткені оның екінші айналымдағы қарсыласы, америкалық Дженнифер Брэйди жарысты жалғастырудан бас тартты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Гуанчжоу турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Жүлде қоры 250 мың АҚШ доллары болатын аталмыш жарыс 22 қыркүйек күні мәреге жетеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).