Теннис: Путинцева Хиросима турнирінің екінші айналымына шыға алмады
Жүлде қоры 250 мың АҚШ долларын құрайтын аталмыш жарыста Ю.Путинцева үшінші ракетка болып тіркелген еді.
Бірінші партияда әлемдік рейтингте 83-інші сатыда тұрған Словакия өкілі 6:2 есебімен басым түсті. Содан кейін арқасын ауырсынған қазақстандық теннисші бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Кездесу 46 минутқа созылды.
А.Шмидлова ширек финалға шығу үшін швейцариялық Виктория Голубичпен таласады.
Тағы бір қазақстандық, осы турнирдің алтыншы ракеткасы Зарина Дияс беташар матчын дүниежүзілік рейтингте 86-орында келе жатқан испаниялық Сара Соррибес-Тормомен өткізеді.
Өткен жылы Зарина Токио турнирінің жеңімпазы атанған болатын.
Айта кетейік, қазақстандық қос теннисші жексенбі күні мәреге жеткен АҚШ-тың ашық чемпионатының алғашқы айналымынан аса алмаған еді. Соның салдарынан бүгін жаңартылған рейтингте Ю.Путинцева 50-ден 55-інші, З.Дияс 60-тан 65-інші сатыға төмендеді.
US Open турнирінде жиырма жасар жапониялық Наоми Осака финалда атақты америкалық теннисші Серена Уильямсты ұтып, өз елінің тарихында тұңғыш рет осындай жарыстың жеңімпазы атанды. Соның нәтижесінде Н.Осака рейтингте 7-інші орынға көтерілді.
Ерлер арасындағы жекелей сында финалда аргентиналық Хуан-Мартин дель Потроны жеңген сербиялық Новак Джокович чемпион атанып, әлемдік рейтингте үздік үштіктің қатарына енді.