НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Юлия Путинцева Майами турнирінің төртінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 12-ракеткасы, латвиялық Анастасия Севастовамен кездесті. Бірінші сетті латвиялық спортшы 6:1 есебімен ұтты. Содан кейін Ю.Путинцева 6:2, 6:3 есебімен есе қайыра білді. Тартысты матч екі сағатқа жуық уақытқа созылды.
Ю.Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 7-ракеткасы, чехиялық Каролина Плишкова немесе дүниежүзілік рейтингте 53-сатыдағы франциялық Ализе Корненің біреуімен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның жүлде қоры 9 млн АҚШ долларынан асатын Майами турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз. Ерлер арасындағы осы жарыста тағы бір қазақстандық Александр Бублик екінші айналымға дейін жетіп, онда әлемнің 33-ракеткасы, аустралиялық Ник Кирьостан ұтылып қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).