НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Юлия Путинцева мен Зарина Дияс Санкт-Петербург WTA турниріне қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, 15-21 наурызда өтетін St.Petersburg Ladies Trophy жарысын ұйымдастырушылар қатысушылардың алдын ала тізімін жария етті.
Қазіргі кезде дүниежүзілік рейтингте 12-орында тұрған, 2016 жылы Санкт-Петербург додасының финалына дейін жеткен швейцариялық Белинда Бенчич турнирдің бірінші ракеткасы болып тіркелген.
Ю.Путинцева 2017 жылы осы жарыста табысты өнер көрсетіп, финалда франциялық Кристина Младеновичпен кездескен болатын. Онда қазақстандық теннисші 2:6, 7:6, 4:6 есебімен есе жіберді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Мельбурн турнирінің ширек финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).