Теннис: Путинцева мен Шведова Нюрнберг турнирінің екінші айналымында ойнайды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Нюрнберг қаласында теннистен өтіп жатқан халықаралық турнирде қазақстандық қос спортшы Юлия Путинцева мен Ярослава Шведова әзірге сәтті өнер көрсетуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

www.championat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, әлемдік рейтингте 28-інші орында тұрған осы турнирдің екінші ракетасы Ю.Путинцева бірінші айналымда Израиль елінің өкілі Юлия Глушконы 6:4, 5:7, 6:0 есебімен ұтты. 2 сағат 3 минутқа созылған матчта қазақстандық теннисші 9 брейк жасай білді. Екінші айналымда ол бельгиялық белгілі теннисші Янина Викмайермен күш сынасады.

Мұның алдында Қазақстанның екінші, әлемнің 51-інші ракеткасы Ярослава Шведова да бірінші кездесуінде неміс қызы Анна Заяны 3:6, 7:5, 6:1 есебімен тізе бүктірген болатын. Енді Ярослава тағы бір германиялық Татьяна Мариямен кортқа шығады.

Жүлде қоры 226 750 АҚШ доллары болатын Нюрнберг турнирі 27 мамырда мәреге жетеді.

Айта кетейік, қазіргі таңда теннисшілер осындай жарыстарда бақ сынау арқылы Парижде өтетін Францияның ашық чемпионаты - Ролан Гарросқа дайындалуда. Бүгін осы біріншіліктің іріктеу сайысында тағы бір қазақстандық, әлемдік рейтингте 182-інші орында тұрған Зарина Дияс америкалық Сачия Викеримен шеберлік байқасады.